Қостанайда достар арасындағы жанжалдың соңы пышақ жарақатымен аяқталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға қаладағы көңіл көтеру орындарының бірінде болған

Видеодан кадр

Қостанайда ер адам пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызмет мәлім еткендей, бүгін түнде облыс орталығында төбелес кезінде ер адам пышақ жарақатын алды. Оқиға Қостанайдың көңіл көтеру орындарының бірінде болған.

Қостанай қаласының Оңтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне мейрамхананың жанында ер адамға төбелес кезінде пышақ жарақатын салғаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Қақтығыс кешті бір ортада өткізген достар арасында болғаны анықталды. Пышақ жарақатын салған ер адам қылмыс орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері барлық қажетті шараларды қабылдады. Күдікті сол күні ұсталды, ол өз кінәсін мойындады, қылмыс қаруы тәркіленді. 32 жастағы ер адамға қатысты алдын ала тергеу аяқталғанға дейін ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде шара қабылданды», – деді Оңтүстік полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Азамат Оспанов.

Қазіргі уақытта 41 жастағы жәбірленуші Қостанай қалалық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде жатыр. Қазір жағдайы тұрақты.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тіркелді.