Түркістан облысында жолаушыдан шолақ мылтық тәркіленді
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында жолаушыдан шолақ мылтық тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс орталығының полицейлері рейдтік-профилактикалық жұмыстарды атқаруда. Осындай кезекті тексеріс кезінде патрульдік полиция қызметкерлері Жібек жолы көшесі бойында түнгі сағат 21:40 шамасында «Skoda Superb» маркалы көлікті тоқтатады.
Себебі көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан. Одан әрі полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеріп, көліктің ішінен қаруды көреді. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді.
Жүргізушіден жауап алу барысында қару қасындағы жолаушы, яғни досына тиесілі екені анықталды. Ал күдікті жас жігіт қаруды тауып алғанын айтқан. Куәлардың қатысуында алынған қару, қосауызды 16 калибрлі қолдан жасалып, нөмірі өшірілген шолақ мылтық болып шықты. Айғақты зат ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын қолданумен қылмыс жасағаны, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.