Алматыда автобус айдап келе жатқан жүргізуші есінен танып құлап, қайтыс болып кетті
Қайғылы оқиға «Водник» ықшамауданында болған
Алматы көшелерінің бірінде жолаушы тасымалдап келе жатқан автобус жүргізушісінің денсаулығы кенеттен сыр беріп, артынша қайтыс болып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Экспресс К басылымына сілтеме жасап.
Алматы маңындағы «Водник» ықшамауданында болған оқиғаның куәгерлері жолдаған видеодан ес-түссіз жатқан жүргізушіні жедел жәрдемнің қызметкерлері сыртқа шығарып жатқанын көруге болады.
Куәгерлердің айтуынша көлік апаты болмаған. Жүргізуші аялдамаға тоқтаған кезде денсаулығы сыр беріп, есінен танып қалған.
«Жолаушылар автобустың неліктен ұзақ уақыт тоқтап қалғанын және жүрмей тұрғанына таңданып, жүргізушінің кабинасына жақындаған. Сол кезде жүргізушінің басын рөлге қойып, аузынан көбік ағып жатқанын көрген», - дейді куәгерлер.
Аталған дерекке қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдіріп, жедел жәрдем қызметкерлерінің жүргізушіні ауруханаға жеткізіп үлгергенін, алайда ол оның көп ұзамай қайтыс болғанын растады.
«№124 бағыттағы автобус жүргізушісі «Водник» аялдамасына жеткенде есінен танып қалған. Жедел жәрдем шақырылып, оны ауруханаға жеткізгенімен, көп ұзамай жүргізушінің жүрек соғысы тоқтады», - делінген хабарламада.