ШҚО-да жалған нөмір таққан жүргізушінің 2 млн теңге айыппұлы бары анықталды
Жүргізуші 175 рет жол қозғалысы ережелерін бұзып, айыппұл төлемей қашып жүрген
ШҚО-да жалған нөмір таққан, 2 млн теңгеден аса айыппұлы бар жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оған жол бермеу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, соңдай-ақ көлік қозғалысы тәртібін арттыру мақсатында өткізіліп жатқан жол қозғалысы қауіпсіздігі айлығы барысында Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қабанбай батыр көшесінде жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп көлік басқарған Toyota автокөлігін тоқтатқан.
Көлік жүргізушісі жол-көлік оқиғасы орнынан жасырынуға тырысқан.
«Сергек қорғау» қосымшасының көмегімен құжаттарды тексеру барысында тәртіп сақшылары көлік жүргізушісі Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны екенін, сонымен қатар ол көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүргізгенін анықтады», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, республика бойынша аталған нөмірдің 175 рет жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, айыппұл сомасы 2 млн теңгеден асып кеткені анықталған.
Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі (Материал Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді), ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-бөлігі (30 АЕК мөлшерінде айыппұл), ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігі (15 АЕК мөлшерінде айыппұл) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Автокөлік қарыз толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.