Павлодарда көшеде жігітті пышақтап тастаған бойжеткенге қатысты сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 4 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға кесілді 

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда көшеде жігітті пышақтап тастаған бойжеткенге қатысты сот үкімі шықты. 22 жастағы бойжеткен негізгі жазадан бөлек, мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.  

25 мамырда түн ортасында М.Жүсіп көшесіндегі монша маңында  жігіт пен қыздың арасында жанжал туындаған. 

Павлодар қаласының № 2 сотының үкімі бойынша, мас қыз жанжал кезінде ер адамның асқазанына пышақ сұғып алған. Жігіт ауруханаға түсті.

Бойжеткенге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының бірінші бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айып тағылды.

«Сотталушы Павлодар қаласының прокурорымен кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде келісім жасап, сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайды – мойындауын ескерді», - деді Павлодар қаласының №2 сотында.

Ол 4 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жазаға кесілді. 

Сонымен қатар, осы жылдар бойы қоғамдық орындарда жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады. Нақты қай жерде жұмыс істейтінін жергілікті атқарушы органдар анықтайды.