19 шілдеден бастап қала аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары бір айда 1 млн 400 мың теңгеден астам сомаға жол ережесін бұзған азаматты ұстады. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қорғау» қосымшасы арқылы полиция қызметкерлері «ВАЗ 2115» автокөлігінің жүргізушісін анықтады, оған бір ай ішінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 82 әкімшілік айыппұл салынды.
«Автокөлік күндізгі уақытта Қабанбай батыр даңғылы мен Керей Жәнібек Хандар қиылысында тоқтатылды. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары жас жігіттің көлікті құжатсыз басқарғанын және сақтандыруы жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзып, жылдамдықты арттырған және жол белгілерін елемей, Bus Lane-мен жүрген. Жүргізушіге хабарлама беріліп, автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды», - делінген хабарламада.
Елордалық полицейлер «Қорғау» автоматтандырылған жол қозғалысын бақылау жүйесі арқылы күн сайын Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша берешегі бар жүргізушілерді анықтайды. Мәселен, бір тәулік ішінде аталған қосымша арқылы жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын айыппұлдары бар 28 жүргізуші анықталды.
Бұдан бөлек, 19 шілдеден бастап қала аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Шара барысында қазірге дейін 15 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу тіркелді, оның ішінде мас күйінде 112 жүргізуші ұсталды, көлік құралын басқару құқығы жоқ 266 жүргізуші және автомобильді басқару құқығынан айырылған 18 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 3 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды.