Алматыда ұялы телефон сататын кәсіпкерлерді алдап кеткен келіншек ұсталды

Автор: Әйгерім Ердәулет

Ол кәсіпкерлерге табысын арттырып беремін деп уәде етіп, ақша алған

29 жастағы К.есімді азаматшаның қылмыстық жолмен баю мақсатында сенгіш кәсіпкерлерді алдағандығы анықталды. Ол кәсіпкерлерге табысын арттырып беремін деп уәде еткен. Әзірге «Мегатау», «ГУМ», «Мобила» дүкендерінің 15 сатушысының ақшасын алып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

"К.есімді азаматша ұсталды және бірнеше рет алаяқтық жасағанын мойындады. Ол ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары – алаяқтық, яғни бірнеше рет бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау бойынша тіркелді», - деді Медеу аудандық полиция Басқармасының басшысы, полиция полковнигі Дәурен Өтебаев.

Қазіргі уақытта К.есімді азаматшаның Алматы қаласында, осыған ұқсас, бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Аталған адамның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды, тәртіп сақшылары мына телефон нөмірлері бойынша хабарласуларын сұрайды: 8 (727) 254-48-02;  254-48-10 және 8-702-476-66-60.