Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі есірткіге мас күйінде жолаушыларды тасымалдаған

Azattyq Rýhy

Ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды

Алматыда автобус жүргізушісі есірткіге мас күйінде жолаушыларды тасымалдаған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жолы 118-ші бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі «елден ерекшеленді». Оны Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің қызметкерлері тоқтатты.

«Жүргізушінің әрекеті күдік туғызды. Оны медициналық тексеруден өткізу үшін ертіп барды, сараптама қорытындысы бойынша нарколог-дәрігерлер оның есірткіге мас болғанын анықтады. Жүргізуші бірден қоғамдық көлікті басқарудан шеттетілді. Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ер адам 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сонымен қатар 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қоғамдық көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды», — деді Әкімшілік Полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Сейітқұлов.

Сондай-ақ есірткіге масаң күйдегі жүргізушіні қатарға шығаруға рұқсат берген автокәсіпорынның медицина қызметкеріне қатысты ҚР ӘҚбК-нің 619-бабына сәйкес әкімшілік шара қолданылды. Айыппұл сомасы 150 мың теңгені құрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.