БҚО-да жас жігіт достарының көз алдында суға батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұмның денесін құтқарушылар алты сағаттан кейін тапты

 

Фото: ашық дереккөзден

БҚО-да шомылып жүріп аяқ сіңірі тартылып қалған ер адам достарының көз алдында суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 10 тамыз күні сағат 12:40-та болған.

«2003 жылы туған азамат алты досымен Ақсоғым ауылының жанындағы Движок су айдынына келген. Рұқсат етілмеген жерде суға түсіп жүрген кезде ер адамның аяқ-қолы тырысып, артынша суға батып кеткен», - делінген ТЖД хабарламасында.

Марқұмның денесін құтқарушылар алты сағаттан кейін тапты.

Тақырыпқа орай: Қазақстанда небәрі 2 айда 140 адам суға батып қайтыс болған

«Суға түсу маусымы басталғалы облыста 15 адам суға батып кетті. Олардың өліміне мас күйде шомылу және өз күшін жете бағаламай алысқа жүзу себеп болған», - деп атап өтті ведомство.