«Шайбадан жарақат алды»: Оралдағы мұз сарайында хоккей мен шорт-трек спортшылары бірге жаттығу жасауға мәжбүр

Автор: Әсел Оршыбекова

Мұз айдыны 2020 жылы күрделі жөндеуден өткенмен 2021 жылы кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілген

Журналист Аслан Қаженов өзінің Facebook парақшасында отандық спорттың осал тұсын тағы да сынға алды. Ол әлеуметтік желіге Орал қаласындағы мұз спорт сарайында болған келеңсіз жағдайдың видеосын жүктеп, спортшыларды «соғыстан қайтқан солдаттарға» теңеді.

Бейнежазбадан хоккейшілер мен шорт-трекшілердің мұз айдынында бір уақытта жаттығу жүргізіп жатқанын көруге болады. Салдарынан шорт-трекшіге шайба тиіп, спортшы бірнеше жерден жарақат алған.

«Негізі бізде адам өлмесе, көңіл де бөлмейді. Бірақ уақытылы көңіл бөлмесе, түбі адам өледі. Қалада бір ғана мұз сарайы бар және оның құн-жыны шыққан. Мұздың сапасы нашар. Салдарынан балалар шетінен жарақат алып жатыр. Мына видеоны көріп шок болдым. Біреуінің аяғы, біреуінің аузы... Соғыстан қайтқан солдаттар сияқты. Ең сорақысы – хоккейшілер шорт-трекшілерге шайба лақтырады. Бұл – масқара жағдай. Өйткені, шорт-трек өте нәзік спорт. Онда қорғаныс киімі болмайды және жылдамдығы да жоғары. Екі түрлі секция неге бір уақытта жаттығады және неге бір-біріне әлімжеттік жасайды?» - делінген жазбада.

Azattyq Ruhy тілшісі Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне хабарласып, мұз спорт сарайында неліктен мұндай жөнсіздік болып жатқанын анықтады. Белгілі болғандай, бүгінде Орал қаласы бойынша тек бір ғана Мұз Спорт Сарайы бар. Ондағы жұмыс кестесі таңғы 6-дан түнгі 12-ке дейінгі уақытты қамтиды.

Спорт Сарайы «Облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК теңгерімінде. 2019 жылдың ақпан айынан бастап «Стекло-Сервис» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілген екен.

«Мектептің мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-тректен бекітілген кестеге сәйкес жаттығулар өтеді. Сонымен қоса, халық үшін көпшілік сырғанаулар және спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Жарыстар ұйымдастырылған кезде жаттығу уақыттарын уақытша өзгерту қажеттілігі туындайды. Бұл жағдай ыңғайсыздыққа әкеледі. Кейін, жарыс біткен соң жаттығу уақыттары қайта қалыпқа келтіріледі. Бір мезгілде мұзда 120 адамға дейін шұғылдануға мүмкіндік бар», - делінген облыстық спорт басқармасының жауабында.

Әкімдік берген мәліметтерге сүйенсек, мұз айдыны 2020 жылы күрделі жөндеуден өткенмен 2021 жылы кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Бір мезгілде екі спорттан мұз айдында жаттығу жүргізілмейді. Видеодағы болған жағдайға келер болсақ, жаттығу кестелері тығыз болғандықтан шорт-тректен жаттығу аяқтаған спортшылар уақытымен мұз айдынынан шығып үлгермеді. Ал шайбалы хоккейден спортшылар кестеге сәйкес айдынға шықты. Шайбалы хоккейден жаттығу барысында мұз айдынынан шығып үлгермеген шорт-трекші шайбадан жарақат алды. Бұл оқиға 2021 жылы болған. Аталған мәселе бойынша мектеп басшылығына жаттығу кезінде өзге спорт түрінің спортшылары болмауы туралы қатаң ескерту берілді», - делінген жауапта.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірде тағы бір мұз спорт сарайын салу жоспарланған екен. Оның құрылысы 2024 жылы аяқталады деп болжанып отыр.