Атырауда әйелін өлтіріп артынша өзіне қол салған ер адам әкімнің кеңесшісі болған

Автор: Әсел Оршыбекова

Бөлмеден 1996 жылғы ер адам мен 1992 жылғы әйел адамның мәйіттері табылды

Күні кеше Атыраудағы жалдамалы пәтерлердің бірінен өлі күйінде табылған ерлі-зайыптыға қатысты тың мәліметттер белгілі болды. Бұл туралы Azattyq Ruhy «АқЖайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 25 шілде күні кешке 102 нөміріне 1958 жылғы әйелден қызының есікті ашпай жатқаны туралы қоңырау түскен.

Шақырту бойынша жеткен кезекші жедел жасақ пәтердің есігін ашқан кезде бөлмеден 1996 жылғы ер адам мен 1992 жылғы әйел адамның мәйіттерін тапқан.

БАҚ өкілдері оқиға орнына барып, қайтыс болған ерлі-зайыптының көршілерімен тілдесті.

«Кеше кешке аулаға шықтым. Жарты сағаттан кейін үйге кіріп бара жатқан кезімде әйел кісінің пәтерге кіре алмай тұрғанын көрдім, есік іштен құлыптаулы екен. Содан кейін полицейлер мен ТЖ қызметкерлері келді. Кейін біз пәтерден екі адамның денесін тапқанын білдік», - дейді көршісі.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жас отбасы бұл пәтерге бір ай бұрын көшіп келген, алайда отбасылық жанжалдың дауысы осыған дейін естілген емес.

Белгілі болғандай, қайтыс болған ер адам Құрманғазы ауданынан, аудан әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеген, сонымен қатар БАҚ-пен байланысқа жауап берген. Жас отбасы ажырасу үстінде болған екен. Ал әйелі қайтыс болар алдында Атыраудан пәтер жалдап, анасымен және балаларымен бірге тұрған.

Құрманғазы ауылының әкімі Мұса Әбдірахманның айтуынша, отбасын өлімге итермелейтін ешбір себеп болмаған.

«Ол еш жерде есепте тұрған емес, әкімдікте жұмыс істеді. Негізінде, қарапайым отбасы, өздерін қамтамасыз етті», - дейді әкім.

Полиция аталған іс бойынша тергеуді жалғастыруда. Еске сала кетейік, тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізілуде: 99 (кісі өлтіру) және 105 (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу).