Қазақстанда жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам жол апатынан қаза тапқан
2022 жылдың басынан бері 2 мыңға жуық бала түрлі жарақат алып, 90-нан астамы көз жұмды
Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 1 мыңнан астам адам қаза тапқан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1 мыңнан астам адам қаза тауып, сегіз мыңнан астам оатндасымыз жарақат алды. Күн сайын еліміз жолдарында жетіге жуық адам мерт болып, 70-ке жуық адам түрлі жарақат алып жатады. Өткен аптаның өзінде ведомстволық мәліметтер бойынша 200-ден астам жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 50-ге жуық адам қаза тапқан, 200-ден астамы жарақат алған», - деді Жандос Мұраталиев.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың зардап шеккен жағдайлары ерекше алаңдатып отыр. 2022 жылдың басынан бері 2 мыңға жуық бала түрлі жарақат алып, 90-нан астам бала көз жұмған.
Полиция өкілі жолдардағы апаттардың негізгі себептеріне жылдамдықты арттыру, бұрылыс кезінде жол ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығу, аударылып кету және жаяу жүргіншілермен соқтығысуы екеніне тоқталды.
«Қазіргі уақытта өткізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» акциясының барысында бір аптаның өзінде 46 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды, оның ішінде 270-тен астамы – көлікті мас күйінде жүргізу, 153-і – қарсы жолаққа шығып кету, 7 мыңнан астамы – жылдамдықты шектен асыру, 400-ге жуығы – көлікті заңсыз қайта жабдықтау және 3 мыңға жуығы маневр жасау ережелерін бұзу тіркелді», - деді Ж. Мұраталиев.
Сондай-ақ жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 60-тан астам фактісі және 40-қа жуық рұқсат етілмеген автотұрақ анықталды.