Күдікті 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қарағандыда ер адам 13 жастағы қызды бұтаның арасына сүйреп апарып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасамақ болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 шілдеде қыздың әкесі Жаңа Майқұдық полиция бөліміне белгісіз біреудің үстінен арыз жазған.
«Жасөспірімнің әкесі кешкі сағат 19:00 шамасында белгісіз біреу 13 жастағы қызын бұталардың арасына сүйреп, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасамақ болғанын айтты. Бірақ қыздың және оның дауысын естіген өзгелердің айқай-шуынан кейін шабуылшы баланы босатып, қашып кеткен. Оқиға орнына бірінші болып учаскелік полиция инспекторлары жетті», - делінген хабарламада.
Күдікті - 36 жастағы ер адам сол күні кешке аулалардың бірінде ұсталды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі «Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ер адам 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.