Ақмола облысында өзгені пара беруге итермелеген жалған генерал сотталды
А. Әмрин 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақмола облысында бұрын сотталған адамды пара беруге итермелеген жалған генерал 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 20 шілдеде Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен өзін әскери генерал деп таныстырған А. Әмрин жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«А. Әмрин ысырап ету фактісі бойынша сотталушыны Семей гарнизонының Әскери сотының ақтау үкімін шығару үшін сот жүйесінің лауазымды тұлғаларына 10 миллион теңге көлемінде пара беруге итермелегені және алаяқтық әрекеті үшін кінәлі деп танылды», - делінген ведомство хабарламасында.
Бұрын сотталған тиісінше пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, үкімдердің жиынтығын ескере отырып, сот оған орташа қауіпсіз мекемеде жазасын өтеуге 8 жыл бас бостандығынан айыруды тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.