Атырауда әскерде жүріп соққы алды деген сарбаз Алматыға жіберілді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған жайтқа қатысты Батыс өңірінің әскери прокуратурасы пікір білдірді

Ақтау қаласынан шақырылған, Атыраудағы шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген Медет Амангелді 20 шілдеде Шымкент арқылы әуе рейсімен ҚР Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпиталіне жіберілді. Бұл туралы сарбаздың әкесі Октябрь Төлемісов «Ақ Жайық» басылымына айтып берген,   деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, 19 шілдеде Медеттің басына түсірілген МРТ оның жедел гайморитпен ауырғанын көрсеткен, ал «басында» бәрі дұрыс екен. О. Төлемісов осыдан кейін әскерилер ұлын облыстық психоневрологиялық диспансердегі дәрігерлерге көрсеткенін айтады.

«Ол жерде оған 5-6 дәрігер сұрақ қойды. Медет оларға адекватты жауап берді. Дәрігерлер бәрі жақсы екенін, тек денсаулығын сәл жақсарту керек екенін айтты. 19 шілдеде Алматыға ұшамыз деп едік, бірақ билет болмады, тек 20 шілдде ғана бәрі шешілді, маған ғана ұлыммен бірге баруға рұқсат берілді», - дейді Төлемісов.

Тақырыпқа орай: Басынан ұрған: Атырауда 19 жастағы сарбаз соққыға жығылғанын айтты

Осы жайтқа қатысты Батыс өңірінің әскери прокуратурасы пікір білдірді.

«18 шілдеде Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы М. Амангелдінің анасы Д. Төлемісованың ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша шекара қызметі департаменті қызметкерінің ұлын ұрып-соғу фактісі бойынша берген арызы негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігі («Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») бойынша қылмыстық істі тіркеді. Тергеу шаралары, соның ішінде сот-медициналық сараптама, куәгерлерден жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде. Әскери қызметшінің ата-анасының өтініші бойынша компьютерлік томография жасалды. Дәрігерлердің алдын ала қорытындысы бойынша, М. Амангелдінің басы зақымданбаған, денесінен ешқандай жарақат табылмаған. Қазір әскерге шақырылған сарбаздың дәлелдері толығымен тексеріліп жатыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды», - делінген Батыс өңірінің әскери прокуратурасының хабарламасында.