Ту үшін басын қатерге тіккен адамның Жұмыспен қамту орталығының қызметкері екені айтылды
Түркістан облысында өртеніп жатқан ғимараттың шатырындағы мемлекеттік туды түсіріп алған қызметкердің видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 17 шілде күні сағат 13.45-те Сайрам ауданы Ақсукент ауылында болған.
«Астана даңғылы 190 «А» мекенжайындағы жеке тұрғын үйде, жалға алынған Жұмыспен қамту орталығы мен «Светофор» дүкенінің шатырынан өрт шығып, өрт аумағы 413 шаршы метрге тарады. Жалпы ауданы 1000 шаршы метрлік ғимараттың қабырғалары мен төбесіне жайылған өртті сөндіруге сағат 16.15-те оқшауланып, жойылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп түсіндірді Түркістан облысының ТЖД өкілдері.
Ведомствоның баспасөз қызметі өртті сөндіруге 29 өрт сөндіруші мен 8 полиция қызметкері жұмылдырылғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның басын қауіп-қатерге тігіп, өртеніп жатқан ғимарат төбесіндегі мемлекеттік туды тұғырынан асығыс алып, төмен лақтырғанын көруге болады.
Осы жайтқа қатысты пікір білдірген облыстық ТЖД өкілдері аталған ер адамның Шіркін ауылының тумасы, Жұмыспен қамту орталығының қызметкері Қансейіт Мұхаммед екенін айтты.