«Қойдың аузын байлағандай байлап тастады»: Балқаш тұрғыны ауруханада көрген қорлығын айтты
Оны қабылдау бөлімінен бірден жансақтау бөліміне алып кетіпті

Әлеуметтік желіде Балқаш қаласының егде жастағы тұрғыны ауруханада дәрігерлерден зардап көргенін айтқан видеосы тарады. WhatsApp мессенджерінде тараған бейнежазбамен қатар, осы жағдайға қатысты бірнеше аудиолар да бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Аудиожазба авторының айтуынша, видеодағы ер кісі оның қайнағасы болып келеді. 14 шілде күні оның дене қызуы көтеріліп, артынша жолдасы оған дәрі берген. Алайда таңға жуық денсаулығы сол күйі жақсармағандықтан жақындары жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Олар келген бетте науқасты ауруханаға алып кетіпті.
«Қабылдау бөлімінен оны бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Ол жақта бұл кісінің жүрегі нашар деп, соған қатысты диагнозды қояды. Бірақ жақындары оның жүрегіне қатысты ешқандай шағымы болмағанын айтады. Содан оның жүрегін КТ-ға түсреді, алайда онда барлығы таза болып шығады. Бұдан кейін дәрігерлер оған асқазанында қатерлі ісік бар екенін айтып, аталған диагноз соңғы деңгейде дейді. Бірақ жансақтау бөліміне ешкімді кіргізбейді», - дейді аудиожазба авторы.
Бұдан бөлек, автордың сөзіне сенсек, дәрігерлер науқастың аяқ-қолын және аузын керіп, күштеп байлап тастаған көрінеді. Сондай-ақ, ер кісі 3 күн бойы дұрыс тамақтанбаған екен. Бұл туралы науқастың өзі де бейнежазбада айтқан.
«Семьямды шақырыңдар дедім, «шақырамыз, шақырамыз» дейді. Мен жатпаймын, мен укол салдырмаймын деп шырылдадым. Содан кейін мені бір ұрып жатқызып қойып, укол салды. Қолымның бәрін байлап тастады. Ұрып есімді тандырды. Қойдың аузын байлағандай байлап тастады», - дейді ер адам.
Науқастың жақындары оның ауруханадан қашып шыққанын айтты. Нақтырақ айтқанда, ер кісі қолын босатып, терезені сындырып, қашып шығуға мәжбүр болған екен.
Azattyq Ruhy тілшісі Балқаш қаласы әкімдігіне хабарласып, осы мәселеге қатысты мән-жайды сұрап білді.
«Аталған науқас Балқаш қаласының орталық ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілді. Қан қысымының өте төмен деңгейіне байланысты ол дереу реанимацияға ауыстырылды. Шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқастың жағдайы тұрақтанды. Жүргізілген тексеру (іш қуысының КТ және ФГДС) өте ауыр дамыған аурудың болуын көрсетті. Жағдайдың қайта нашарлауы болжануда. Аурухана әкімшілігі науқастың туыстарына жүгініп, оның денсаулығына байыпты қарауды және болашақта дұрыс емес ақпараттың жариялануына жол бермеуді ұсынады», - делінген Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының Балқаш аймақтық өкілдігі бөлімі таратқан хабарламада.
Ал ер адамның айтқандары қаншалықты рас немесе жалған екендігі туралы хабарламада ешқандай мәлімет жоқ.
Дегенмен Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті құқық қорғау органында тіркелгенін хабарлады.
«Балқаш қаласының орталық медициналық персоналына қатысты шаралар қабылдау үшін материал Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды», - делінген хабарламада.