Қайтыс болғандардың арасында екі бала бар
Оралда жантүршігерлік жол-көлік апаты салдарынан 8 адам қаза тапты. Олардың арасында екі бала бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 18 шілдеде сағат 02:45-те айналма тасжолда, «VenOil» жанармай құю бекетіне қарама-қарсы жерде болған. Орал қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары Константин Недопекин оқиға орнында мәлім еткендей, Nissan (көлікте тек жүргізуші болған) және Lada (салонда бес ересек және екі бала болған) көліктері соқтығысқан.
«Nissan жүргізушісі алдындағы көлікті басып озбақ болып қарсы жолаққа шығып кетіп, Lada көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді», - деді полиция капитаны.
Алайда кейін олардың, яғни Nissan жүргізушісі мен 10 және 13 жастағы екі баланың ес жимастан ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайын анықтап, тергеу жұмысын жалғастырып жатыр.