Ел бойынша 350-ге жуық үй толығымен қирап, 781 үй бүлінген
Пәкістанның төтенше жағдайларға қарсы күрес ұлттық басқармасының мәліметінше, елде 14 маусымнан бері жауып жатқан жауын-шашын салдарынан 165 адам қаза тауып, 171 адам жарақат алған, деп хабарлайды 24.kz.
Ең көп зардап шеккен аймақ – Белуджистан провинциясы. Онда су тасқынын тудырған нөсер жаңбыр салдарынан 65 адам қаза тауып, 49 адам жарақат алған. Су бөгеттері бұзылуынан ондаған үй мен инфрақұрылым бұзылды. Синд провинциясында, соның ішінде бір аптадан астам уақытқа созылған нөсер жауыннан зардап шеккен Карачиде жекелеген апаттардан 38 адам қаза тапты.
Елдің климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі министрі Шерри Рехманның айтуынша, Синд пен Белуджистанда жауын-шашын 625% және 501% көп. Бұл – 30 жылдық орташа көрсеткіштен жоғары. Соңғы 13 күн бойы екі провинция да қатты муссондық қысымға ұшырады.
Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқарма мәліметінше, Хайбер-Пахтунхвада толассыз жауған жаңбыр салдарынан 24, Пенджабта 23 және елдің басқа аймақтарында 15 адам қаза тапты.
Ел бойынша 1319 жануар қырылған. 350-ге жуық үй толығымен қирап, 781 үй бүлінген. Билік елдің түкпір-түкпірінде құтқару жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендерге шатыр, көрпе, москит торлары, азық-түлік және құтқару кеудешелері таратылып жатыр.