Енді «Қазфосфаттың» болашағын облыстық экология департаменті шешеді
Тараздағы зауыт зиянды заттар шыққан соң жабылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Алдыңғы күні қаланы қалың тұман басып қалған болатын. Ауаға қара сұр түсті түтін тарап, тұрғындар қатты жөтелге шағымданған. «Қазгидромет» атмосферада улы газ – азот диоксиді мен күкіртсутегінің табылғанын растады. Енді «Қазфосфаттың» болашағын облыстық экология департаменті шешеді.
«Сынамалар алынды, күкіртсутегінің зиянды заттары нормадан асып түсті. Қазіргі уақытта жоспардан тыс тексеру дайындалуда. Жөндеу жұмыстарына дейін зауыт жұмысын мүлде тоқтатуы мүмкін», - деді Жамбыл облысы экология департаментінің жетекшісі Серік Нұрбаев.
Зауыт өкілдері де болған оқиғаның себептері анықталып, кінәлілердің іздестіріліп жатқанын айтады.