$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«100 тонна дизель ұрланды»: Павлодар-Порт станциясында ұрлықтың жиі болып тұратыны рас па?

Бұл шамамен 23 млн 747 мың теңгені құрайды

«100 тонна дизель ұрланды»: Павлодар-Порт станциясында ұрлықтың жиі болып тұратыны рас па?

Дизель отынын көтерме және бөлшек саудамен сатумен айналысатын отандық компания теміржол бойында ұрылардың құрығына түсіп, 23 млн теңгеге шығынға батты. «Industrial Market Resource» ЖШС әлі күнге дейін кінәліні тауып, әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Компания өкілінің айтуынша, осы жылдың 4 мен 15 маусым аралығында теміржол бойында үлкен ұрлық болған. Нақтырақ айтқанда,  әлдекімдер жүк тиелген цистерналардан 100 тоннадан астам дизельді тонап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Зауыттан шыққан вагондар діттеген жеріне жеткенге дейін үш станцияға тоқтайды. Компания өкілі қарақшылық дәл осы станциялардың бірінде болған деп топшылап отыр.

«Дизель отынын тасымалдау бойынша біз «ҚазМұнайГаз» ҰК-мен келісімшарт жасасқанбыз. Тауарды жіберіп отыратын «Премиум Ойл Транс» ЖШС-ның кеңсесі Павлодар қаласында орналасқан. Вагон-цистернаны жолға жіберер алдында жөнелтуші металл корпус және металл трос түрінде «АНГАТ-071 А» маркалы бекіту-пломбалау құрылғыларын орнатады. Осылайша 4 маусым күні «Премиум Ойл Транс» ЖШС жазғы дизель отынын 8 вагонға тиеп, тиісті пломбамен бекітіп жіберген. Бұдан кейін вагондарды «ТТТ-СЕРВИС» ЖШС қабылдап, пломбаларды тексеріп, тиісті құжаттарды толтырады. Содан соң вагондарды «КТЖ-ГП» ЖШС-ға жібереді. Алайда дәл осы кезде екі тасымалдаушы тауарды өткізу-қабылдау кезінде «тауарды өткізу» құжаты жоқ болып кеткен. Бұдан кейін «КТЖ-ГП» ЖШС вагон-цистерналарды Ақсудағы Алтынтау станциясына дейін жеткізген», - дейді компания өкілі.

10 маусым күні Алтынтау станциясына жеткен вагондар 13-не дейін сол жерде болған. Содан соң тауарды сұрыптау үшін вагондар Өндіріс аймағына жіберілген. Ал 15 маусым күні вагон-цистерналар соңғы нүктеге, яғни «Нефтяной дом «Астана Ойл» ЖШС-ға жеткен. Дәл осы сәтте тауарды қабылдап алушы топ цистерналардан жанармайдың ұрланғанын аңғарған.

«15 маусым күні сағат 10.20 шамасында вагондарды қабылдауды бастадық. Алайда «АНГАТ-071 А» маркалы металдан жасалған бекіту-пломбалау құрылғыларының «НУКЕР-ПЛАСТ» пластикалық пломбасымен ауыстырылғанын аңғардық. Бұдан кейін бірден арнайы комиссия тобын құрдық. Олар цистерналарды ашқаннан кейін дизель отынының тапшылығын байқады. Нақтырақ айтқанда 101,537 келі отын жоқ, бұл шамамен 23 млн 747 мың теңгені құрайды. Ұрлықтың дәл қай жерде болғаны бізге белгісіз. Кейінірек біз «НУКЕР-ПЛАСТ» пластикалық пломбасының кімге тиесілі екенін білу үшін өндіруші компанияға сұрау жібергенімізде, аталған құрылғыны 2021 жылы «ТТТ-СЕРВИС» ЖШС сатып алғаны анықталды», -дейді компания өкілі. 

Аталған мәселе бойынша құрылған комиссия бірден құқық қорғау органына хабарласып, вагондар тұрған жерге мамандарды шақырған. Артынша бұл іс бойынша қалалық полиция департаментіне арыз түседі. Алайда құқық қорғау қызметкерлері істі желілік полиция басқармасына жіберген болып шықты.

«Біздің арызымыз желілік полиция басқармасына өте ұзақ жетті. Біраз күтуге тура келетінін білгендіктен, біз ұрлықтың қай жерде және оның артында кімдер тұрғанын білу үшін өз тергеу жұмыстарымызды бастадық. Тіпті әлеуметтік желіде осы мәселе бойынша қандай да бір ақпарат білетін адамға сыйақы беретінімізді жарияладық», - дейді ол.

Дәл осы хабарламадан кейін әлеуметтік желіде көрсетілген номерге бейтаныс әйел хабарласып, өзін станцияның бұрынғы қызметкері ретінде таныстырған. Сондай-ақ келіншек ұрлықтың қай жерде болуы мүмкін екендігін айтқан.

«Жүк туралы ақпаратты тек зауыт қана біледі. Яғни цистернада қандай тауар бар екенінен солар ғана хабардар. Вагондар Павлодар мұнай химия зауытынан шыққаннан кейін Павлодар порт станциясына шығарылады. Дәл сол жерде талай мәрте ұрлық болған. Қолтырауын (авт. қытайлық тепловоз) келіп, вагондарды алып кетеді, артынша ұрылар пломбаны шешіп, керек отынын құйып алады. Яғни вагондар құрамы келіп, тепловоз кеткеннен кейін қолтырауын бірден іске кіріседі. Барлығына шамамен 40 минуттай уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында олар екі бензовозды толтырып үлгереді. Машинистер ұрылардан бейхабар. Себебі олар вагондарды тастап кетіп қалады», - дейді әйел.

Десе де, Маринаның (авт. аты өзгертілген) айтуынша, аталған қылмыстық жүйе туралы сонда жұмыс істейтіндердің көбі біледі. Тек айтуға қорқады. Марина станция басшысы да ұрлық туралы білетініне сенімді.

«Ол жерге күзет бармайды. Қорқады. Ол жаққа жалпы ешкім бармайды. Вагондардың жанына машиналар барған кезде, бірден иіс шыға бастайды. Осылайша тонау болып жатқанын білеміз. 2019 жылдан бері осындай қылмыстық жағдай тұрақты түрде болып тұрады. Бензавоздардың түсі қызғылтсары. «Павлодар-Северный» станциясы жақта атауы жоқ жанар-жағармай бекеті бар. Бензавоздар сол жерге барып тоқтайды. Олар тіпті күндіз де ұрлыққа түседі, бірақ әрине түнде жиірек келеді.

Басшылыққа бензавоздар келіп, ұрлық болып жатқандығы туралы бірнеше мәрте айтқанымда, сөзіме құлақ асқан жоқ. Керісінше, аузымды жапты. Содан кейін ұрыс болып, мен жұмыстан шығып кеттім», - дейді ол.

Қызметкерлердің көбі бұл жүйені жақсы білетін көрінеді. Алайда ашып айтуға ешкім бара бермейді екен.

«Бір кездері осындай ұрлық болған кезде бізді жауап алуға шақырды. Ол кезде де ешкім тіс жарған жоқ. Мен «Неге үндемейсіңдер?» деген кезімде, барлығы жұмысынан айрылып қалуға қорқатындарын айтты. Желілік полиция да бұл істен хабарлар. Олар тексеріс жасаған кезде ол маңда бірде бір бензавоз болмады. Себебі оларға алдын ала ескертілді», - дейді ол.

Белгілі болғандай, станция басшысының бұрынғы орынбасары бүгінде Павлодар мұнай химия зауытында жұмыс істейді. Тиісінше ұрыларға вагондар туралы ақпарат зауыттан алдын ала келуі мүмкін екен.

«Жаңа басшы келгенге дейін ұрлық болған жоқ. Сол келгеннен кейін осындай қылмыс басталды. Бір қызығы, ешкімнің тарапынан ешқандай шара қолданылмайды. Мен 2021 жылы бұл туралы тіпті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де хабарластым. Олар Павлодар-Порт станциясы бойынша тексерістер жүргізді. Мен оларға қолымда бар ақпаратты бердім. Қолымда еш жерге жарияланбауы тиіс құжаттар болды. Қазір ол құжаттар соларда. Онда көптеген былық бар. Осыдан кейін басшылық мені торауылдап, үй жағымда тұратын. Мен балаларыммен сыртқа шыға алмай қалған кезімде, соларға хабарластым. Олар келіп, басшылықпен сөйлесіп, содан соң бәрі тарады. Арада 2-3 күн өткеннен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері ешқандай шара қолданбайтындарын жеткізді», - дейді келіншек.

Azattyq Rýhy тілшісі Павлодар станциясына хабарласып, аталған мекемеге қарасты «Павлодар-Порт» станциясында бүгінге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодардағы филиалы қандай тексеріс жұмыстарын жүргізгендігі туралы сұрап білмек болды. Алайда ондағылар ешқандай тексеріс жүргізілген жоқ деп сендірді. Редакция тілшісі алдағы уақытта осы мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодардағы филиалына ресми сұрау жіберіп, мәселені тағы бір рет анықтайтын болады.

Серіктес жаңалықтары