Өлтірмек болды: Ақтау жағажайындағы итбалыққа қатысты министрлік пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Жануар 40 минуттай күнге қыздырынған соң суға қайта оралып, жүзіп кеткен

Видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде Ақтаудағы жағажайда құрғаққа шыққан шыққан итбалық түсірілген видео тарады. Видеода балалар жануарды қоршап, оған тас лақтырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Тұрғындардың бірі түсірген видеода итбалыққа кішкентай баланың тас лақтырғанын, артынша оны азсынып, өлтірмек болып үлкен таспен бір ұрғанын көруге болады. Видео авторының айтуынша, жануар 40 минуттай күнге қыздырынған соң суға қайта оралып, жүзіп кеткен.

Осы жайтқа қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі пікір блдірді.

«11 шілдеде Каспий итбалығы Ақтау қаласындағы жағажай жағалауына шыққан. Жануар күн сәулесінде шамамен 40 минут жылынып, содан кейін суға оралып, жүзіп кетті. Бұл ретте, жануардың саулығын және қандай да бір жарақат алмағаны туралы айтуға болады.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына Каспий теңізінің жағалау белдеуіне мониторингті күшейту тапсырылды», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Айта кетсек, 2020 жылдан бастап Каспий итбалығы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар қатарына (ҚР Қызыл кітабы) енгізілген.

«Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз айналысқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген және құқықбұзушы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айырылады, 3000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады», - деді министрліктен.

Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 316-бабымен жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездігі үшін жауапкершілік көзделген.

Еске салсақ, 2020 жылдың шілдесінде Маңғыстауда лагерьде демалушылардың итбалықты таяқпен және таспен ұрғаны хабарланған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны «жабайылық» деп атаған еді.