$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында колледж студенттері соңғы жылын ақылы оқуға мәжбүр

Биыл 308 түлек диплом алды

Алматы облысында колледж студенттері соңғы жылын ақылы оқуға мәжбүр

Алматы облысында бір топ ата-ана колледж басшыларының шешіміне наразылық білдірді. Оқу орнының басшылығы үш жыл грантта оқып келген студенттер соңғы курсты ақылы түрде ғана жалғастыра алады деп талап қойған. Кейбір түлектердің дипломы университетке жарамсыз болып шықты дейді ашулы ата-аналар. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің анық-қанығын анықтап білді.

Колледж бітірген түлектер қолдарындағы диплом арқылы ЖОО-ның екінші курсынан білімдерін жалғастыра алады. Алайда талғарлық түлектер мұндай мүмкіндіктен де айырылған көрінеді.

«Ұлым осы колледждің үш жылдығын бітірді. Бізге төртінші курсты ақылы түрде оқисыңдар дегенді әу баста айтпаған. Биыл баламмен бірге барлығы 21 студент осы колледжді бітірді. Бұған дейін үлкен ұлымда осында білім алған. Оның да дипломы университетке жарамсыз болып шықты. Диплом емес, сертификат алғандай. Сонда үш жыл оқығанда грант барда, студенттер төртінші курсқа көшкенде гранттар бітіп қалады екен. Тек ақылы түрде ғана оқуды жалғастыруға мүмкіндік бар», - деді нарынқолдық Ұлан Мойдынбеков.

Мәсімхан Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі 7 мамандық бойынша білім береді. Өткен оқу жылында 636 студент білім алған. Олардың тек жартысына жуығы ғана жақында диплом алды. Бірақ диплом алған студенттердің бәрі университетке екінші курстан қабылданбайды. Тек «компьютерлік бағдарлама», «бухгалтер» мамандықтарын 2 жыл 10 ай оқығандар ғана ЖОО-ың екінші курсына өте алады. Қалған мамандық иелері университеттің екінші крусына өту үшін колледжді 3 жыл 10 ай оқуға міндетті.

«Екінші балам «жерге орналастыру, геодезия» мамандығы бойынша бітірді. Төртінші курсты тек ақылы түрде жалғастыра аласыңдар деп жатыр. Ақшасын ай сайын төлеп отырыңдар деді. Сонда бұған дейін оқытқан үш жылының ақшасын қайтарып алмақ па? Жалпы 10-нан астам ата-ата бұған қарсы шықтық. Жеме-жемге келгенде мәселе шешілген жоқ. Бұлардың дипломы университеттің екінші курсына қабылдануға жарамайды. Төртінші курс неге ақылы болып кетті? Бұған дейін неліктен тегін оқытты? Балаларымызды ақылы бөлімге қалдыруға қиналып отырмыз», - деді ата-аналар.

Мемлекеттік колледж шаштараз, дәнекерлеуші, тракторист сынды қысқа мерзімді курстарды да оқытып, қаржы табады. Колледж басшыларының сөзінше, оқу ақысы ата-аналар айтқандай қымбат емес.

«Биыл 308 түлек диплом алды. Көбі жұмысшы мамандығы бойынша бітіргендер. Жалғастыра ма, жалғастырмай ма, ол өз еріктерінде. Кейбірі 2 жыл 10 ай оқыды. 3 жыл 10 ай оқып, толық мамандық иесі болып шыққан 75 бала диплом алды. «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша бірінші курсқа 25 бала қабылданған. Оқуды аяқтағанда тек 22 бала ғана диплом алды. Топ 25 балаға толмаса ашуға рұқсат жоқ. Берілген тапсырманы орындауымыз керек. Ол балалар колледжге келгенде үш жылдық мамандыққа өтініш жазды. Лицензия сол үш жылға қарастырылған. Төртінші жылға қалу үшін ақы төлеулері тиіс. 15 балаға толса ақылы түрде топ аша береміз. Колледжді 4 жыл оқып бітіргендер университетке кешенді тестілеуден өтіп, екінші курсқа қабылданады. Директор ертең осы проблемамен облысқа барады, сол кезде шешуге тырысады. Колледжде оқу ақысы – 306 мың теңге. Айына 30 мың 600 теңгеден төлейді. Жатақхана жоқ, студенттер пәтер жалдап тұрады», - деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Бозымбекова.

Ал колледж директорының сөзінше, ауылдан келген балалардың оқуы үшін 306 мың теңге төлеу арзан десе, ата-аналар оқу орнындағы білім сапасын нашар деп бағалады.

«Біз бағаны көтерген жоқпыз. Ішкілікке салынып кетпесе ата-аналар төлей алады. Бұл бағаны қымбатсынса қалаға барсын, университетті көрсін. Ол жақтағы оқу ақысы бір миллион теңгеден асады. Ата-аналардың сауаты бар шығар, кезінде құжатқа қол қойды ғой», - деді М. Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Жақсылық Қасабекұлы.

«Көршімнің қызы үйінде жүрді. Үшінші курста жұмыс істеді. Жуырда дипломын барып алып келді. Білім беру сапасы нашар. Карантин болды. Әйтеуір бірдеңе етіп бітірді ғой. Чатта бірнеше күннен бері қырғын болып жатыр. Екі күн болды шулап жатқанымызға. Биыл оқыған балалардың да білім сапасы төмен. Баламызды төртінші курсқа қалдыратын болдық. Өз ақшасын өзі табады. Жұмыс істейді. Мұғалімдері де студенттерді аса көп қинамаймыз, бос уақыттары көп болады деді. Оқу ақысын өзі тауып төлейді. Қазір жұмыс істеп жүр, күніне 3-5 мың теңге табады. Колледжге барып едік, «грант биыл Үшқоңырға бөлініп кетті» деді. Ол жақ алыс. Жолға да сол ақша шығады», - деді зейнеткер Ажар Алтынбекова.

Серіктес жаңалықтары