«Қалалық прокуратурадан жауап ала алмай отырмыз...»
Түркістанда бірнеше кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беруге уәде еткен адамға ақша жинаған. Кәсібімізді жандандыра түсеміз деп үміттенген кәсіпкер қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеймін деген адамға қаражатты былтыр беріпті. Алайда қайтарымсыз грант қаржысына қолдары жетпеген соң биыл наурыз айында арызданған. Дегенмен Түркістан қаласының прокуратурасынан ешқандай жауап ала алмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен 2020 жылы 500 мың теңге көлемінде грант алғанмын. Хадиша есімді кісі шаштараз салоныма келіп жүретін. 1 миллион 200 мың теңге қайтарымсыз ақшаны алуға көмектесе аламын. Ол үшін маған 100 мың теңге берсеңіз болды деді. Мен мобильді қосымша арқылы Хадиша Т. есімді келіншекке 100 мың теңге аударғанымды дәлелдей аламын. Сондай-ақ қызымның да кәсіп бастауына қаражат алып беруге көмектесемін деп, деп уәде етті. Ол үшін бізден тағы 100 мың теңге сұрады. Мен ол кезде қолма-қол 80 мың теңгені санап бердім. Қалғанын грант ақшасы түскенде бересіз деді. Бізге 2021 жылдың шілде айының аяғына қарай қаражат түседі деп айтты. Содан бері не өзіміздің ақшамызды қайтарып бермеді, не гранттың қаражаты түскен жоқ. Міне осыдан соң арызды биыл 25 наурызда Түркістан қаласының прокуратурасына жаздым. Арызды бас-аяғы 6 адам түсірдік. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай мардымды жауап ала алмадық», - деді кәсіпкер Ханзада Рүстем.
Түркістан қаласы Прокуратурасы мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып беру туралы уәде етіп, бөтеннің мүлкін жымқыру фактілері болғаны растады. Алайда бұл қылмыстарды жұмыспен қамту орталығында және басқа да құзырлы органдарда қызмет етпейтін азаматтар жасаған деп отыр. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Түркістан қаласының полиция басқармасы жүргізеді екен.
Прокуратура тарапы бұған дейін дәл осы жұмыспен қамту орталығына қатысты қылмыстық істердің тіркелгенін айтты. Ол кезде орталықта қызмет етіп жүргендер атаулы әлеуметтік көмекті алып береміз деп, тұрғындардан ақша жинап алған.
«2019 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі А.Сапаров пен оның танысы М.Сулейменованың алаяқтық қылмыстық әрекеттері әшкереленгенін хабарлаймын. Аталған азаматтар алдын ала сөз байласып, 2018 жылдың наурыз айынан бастап 1 жыл бойы қала тұрғындарына мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы шығарып береміз деп алдап, ақшаларын жымқырып келген. Өз қызметтері үшін олар әрбір адамнан 20 000 теңгеден бастап 240 000 теңгеге дейін қаражат алып отырған. Осылай А.Сапаров пен М.Сулейменова адамдар тобы болып алдын ала сөз байласып алаяқтық жолмен 58 адамға 3 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген», - деді Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек.
Ал Түркістан қалалық жұмыспен қамту орталығының дирекоры Ақмарал Пернебекқызы да Хадиша Т. есімді қызметкердің ешуақытта орталықта жұмыс істемегенін айтты.
Айта кетейік, биыл Түркістан әкімдігі қайтарымсыз грантты заңсыз алды деген 55 кәсіпкерді анықтадық деп хабарлаған болатын. Оның 16-сы өз еркімен қаржыны қайтарса, қалған 39 адамды Жұмыспен қамту орталығы сотқа берген. Бүгінде оның 31-іне соттың ұйғарымы шығарылып, олар ақшаны түгел қайтаратын болған. Ал 8 іс әлі сотта қаралып жатыр.