Оған ірі көлемде айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облысындағы серіктестіктердің бірінің директорына ірі көлемде айыппұл салынды. Ол Өзбекстан азаматтарын құрылыс жұмыстарына заңсыз пайдаланған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ҚР Көші-қон заңнамасына сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдалану үшін заңды тұлға жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын алуы тиіс. Кәсіпкер бұған дейін де басқа мемлекеттердің азаматтарын жұмысқа заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Бұл жолы оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 519-бабы 3-бөлігі «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бойынша материал жинастырылды. Бұзушы 150 мың теңгеден астам айыппұл төледі.
«Аталған заң бұзушылық маусымның 27-нен басталған «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталды. Шара шілденің 4-не дейін жалғасады. Фермерлік және шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылық кәсіпорындар, құрылыс объектілері, базарлар, вокзалдар мен шетелдіктердің жүруі мүмкін орындар тексерілуде. Мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуы және криминогендік жағдайға оң әсер ету. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - дейді СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметінің бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.
Жалпы жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы 3 күнінде әкімшілік жауапкершілікке 190 шетелдік тартылды. Бұдан бөлек, шақырылған шетелдіктермен белгіленген елде болу қағидаларын бұзғаны үшін ҚР 140 азаматына қатысты материалдар жинастырылды. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 14 фактісі анықталды.
Жедел профилактикалық шара жалғасады.