Павлодар облысында жол-көлік апатынан жолаушы тірідей өртеніп кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға 28 маусымда түнде болған

Фото: Павлодар облыстық ПД

Павлодар облысында жүк көлігіне соғылған жеңіл көліктің жолаушысы көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жол-көлік апаты 28 маусымда сағат 2.05-те болған.

«Ақсу қаласына қарасты Ленинский кентінен 15 км (Спутник станциясы мен Пограничник ауылы арасында) қашықтағы Қызылорда Павлодар автожолында «Toyota» маркалы жеңіл көлігі қарсы бағытта келе жатқан «КамАЗ» жүк көлігіне соғылған. Жол-көлік апаты салдарынан жеңіл көлік өртеніп кетті. «Toyota» автокөлігінен 36 жастағы жолаушының мәйіті табылды», - делінген ПД хабарламасында.

Сондай-ақ жол апатынан «Toyota» көлігінің 35 жастағы жүргізушісі мен 23 жастағы жолаушысы ауруханаға жатқызылды.

Аталған дерек бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көлік өрті сағат 2.44-те сөндірілді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері және 2 бірлік техникасы, «Қалқаман» тас -жолдағы медициналық құтқару пункті жетті.