Алматы облысында қатты жауын салдарынан 11 үйдің ауласын су басты
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағдайды қалпына келтіру жумыстары әлі жүргізіліп жатыр
Қатты жауын-шашынның салдарынан Алматы облысының Кеген ауданындағы Түменбай ауылында 1 үйдің іші мен 11 үйдің ауласын су басып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«23 маусым күні сағат 17:40 шамасында Кеген ауданы, Түменбай ауылында нөсер жаңбыр салдарынан ауыл іші көшелерін таудан аққан су басты. Су басу салдарынан 1 тұрғын үй, 11 үйдің аулалары суға толды. Оқиға орнына Аудан әкімі, Кеген ауылдық округінің әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің қызметкерлері барып, бірнеше техника жұмылдырылды. Зардап шеккен адамдар мен ауыл шаруашылық малдары жоқ. Тұрғын үйлер мен аулаларға комиссия ұйымдастырылып, шығындар есептелуде»,-деп хабарлады Кеген ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, Кеген ауданы Республикалық маңызы бар "Көкпек - Кеген - Түп"- "Жалаңаш - Саты - Көлсай көлі" жолының 10-11 км аралығында жылы нөсер жаңбыр салдарынан жол жиегін шайып кеткен. Аталған учаскеде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу мекемесі, аудан әкімшілігі, полиция қызметкерлері, ДЭУ-91 мекемесінің өкілдері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, жол қозғалысы қалпына келтірілген. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында табиғат салдарынан орын алған жағдайды қалпына келтіру жумыстары әлі жүргізіліп жатыр.
Ал Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті су деңгейі көтерілуі мүмкін деп отыр.
«Көлсай көліне шығатын жолмен тоғысатын "Көкпек-Кеген-Түп-Жалаңаш – Саты-Құрметті" республикалық автожолында жүріс бөлігі арқылы су құйылып, қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, автокөлік қозғалысы штаттық режимде жүріп жатыр.
"Қазгидромет" РМК 20.06.2022 жылғы дауылды ескертуіне сәйкес, тауларда қатты жауын-шашын болжамына байланысты 2022 жылғы 21-23 маусым кезеңінде Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында өзендерде көлбеу ағынының қалыптасуы және су деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр»,-деді Алматы облысының ТЖД.