Алаяқтарға алданғанын 8 жылдан кейін бір-ақ білген дәрігер өзінің кінәсіз екенін енді сотта көрсетуі тиіс
№7 Қалалық клиникалық ауруханасының дәрігері Аян Тұрсынбеков алаяқтықтың құрбаны болдым деп отыр. Ер адамның айтуынша, оған банк 8 жыл бұрын несие берген-міс. Өзінің қаржы институтының алдында берешегі барын банктегі шоттары бұғатталып, дүние-мүлкі кепілге қойылғанда бір-ақ білген. Оқиғаның қалай болғанын Azattyq Rýhy тілшісі анықтауа тырысты.
Аян Тұрысбеков өзгенің қолына өзі туралы ақпараттардың түсіп кетуін іссапарға барғанда жеке куәлікті немесе оның көшірмесін қолға ұстатудан деп санайды.
2012 жылы жасанды құжат арқылы оның атынан 300 мың теңге алынған. Алайда дәрігер ол кезде әскери қызмет атқарып жүрген. Аян ешқашан құжатын жоғалтпағанын, алайда іссапарға жиі бару кезінде жеке бас куәлігін пәтер иелеріне беріп кететінін еске алды. Жеке куәліктің ішіндегі барлық ақпараттар сол кезде ұрлануы мүмкін.
«Альфа Банк» менің барлық шотымды жауып тастады. Банкке барып, мән-жайды сұрағанымда, маған несие туралы барлық құжатты көрсетті. Құжатта деректердің бәрі сәйкес келгенімен, куәліктің бетіндегі адам менің фотом емес екен. Оны қалай тексермеген? Сол кезде барып істің қалай болғаны түсініп, арыз жаздым. Бірақ мұндай жағдайдың қалай болғанын анықтау үшін банктің қауіпсіздік қызметі мән берген жоқ», - дейді Аян Тұрсынбеков.
Банк бермеген қарызы үшін дәрігерді сотқа беріп, есепшотын бұғаттап тастаған. Сот орындаушылар атындағы мүлкін де кепілге қойған. Тұрсынов үстеме пайызымен қоса есептегенде, 400 мың теңге төлеуі тиіс.
«17 қаңтарда менің жұмысыма сот шешімі туралы құжат келді. Банктік шотымды, тіптен әйелімнің атындағы банк картасын да бұғаттап тастаған. Баспанаға деп жиған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотты да бұғаттап, автокөлігімізді де кепілге алып алыпты », - деп күйінеді алматылық дәрігер.
Сырттай шыққан шешімнен соң зыр жүгірген дәрігер ақша көлемі айтарлықтай көп болмаса да, алмаған несиесі үшін алаяқтың ақшасын төлеу – әділетсіздік деп санайды. Адвокаттың көмегіне жүгінген Аян Тұрысбеков банкке берешегінің жоқ екенін дәлелдеп қана қоймай, бет-әлпеті мүлдем сәйкес келмейтін адамды тексермей несие рәсімдеген маманды да жауапқа тартқызбақ.
«Әуезов аудандық №2 соты 400 мың теңгеден астам соманы банктердің айыппұлдарын ескере отырып, коллекторлық ұйымның пайдасына шешім шығарды. Ал банк істі коллекторлық агенттікке өткізген. Несие құжаттамасында оның жеке деректері бар жалған куәлік екені анықталды. Несие менеджерлері түсірген жеке куәліктегі фотосурет сәйкес келмеді. Сондықтан біз сот актісінің күшін жою туралы өтініш бердік», - дейді адвокат Думан Базарбеков.
Алынбаған несие үшін бір жыл бойы жалғасып келе жатқан сот 19 ақпан күні Әуезов аудандық №2 сотында қайта жалғасады. Өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін Аян Тұрсынбеков ІІМ мен Бас прокурорға арызданып отыр. Аталған мәселеге қатысты «Альфа Банктің» баспасөз қызметі аудиттік тексеру жүргізген соң ғана түсініктеме береміз деп уәде берді.
«Біз несие құжаттамасын іздеудеміз, қолжазбаны сараптауды тапсырамыз. Аян Тұрысбеков несие келісіміне қол қоймағанын дәлелдеді. Несие алу үшін құжаттарды апарған адам ғана емес, несиені рәсімдеген адам да кінәлі деп санаймыз. Осы оқиға менің қорғауымдағы адамға моральдық соққы болды. Бүгінгі күні дәрігердің барлық дүниесі тәркіленіп, борышкерлердің қара тізіміне өтіп кетті. Бірақ ол несие алу үшін банктерге ешқашан жүгінбеген екен. Біз әділеттілікті іздейміз», - деп сөзін қорытындылады адвокат.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы қаласы