Құтқарушылар 9 жасар баланы іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр
БҚО-да Шалқар көлінде немересімен бірге жоғалып кеткен ер адам табылды. Құтқарушылар қазіргі кезде баланы іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
22 маусым күні сағат 16:45-те құтқарушыларға Теректі ауданы Сары өмір ауылында Шалқар көлінде 9 жасар баланың ересектердің қарауынсыз үрлемелі матрасқа отырып, жел ығымен көл ортасына кетіп қалғаны туралы ақпарат келіп түскен.
Баланы құтқармақ болып артынан 66 жастағы атасы суға түскен. Бірақ олар сол күйі жағаға оралмаған. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар тікұшақ пайдаланған.
«Сағат 23:00-де БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ер адамның қарсы жағалаудан табылғанын хабарлады. Ол аман-есен, жағдайы қанағаттанарлық», - делінген хабарламада.
Тақырыпқа орай: БҚО-да көл бетінен 9 жасар бала мен оның атасы іздестіріліп жатыр
Таңғы сағат 5:00-де құтқарушылар баланы іздеу жұмыстарын қайта бастады.
Мамандар тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау керек екенін ескертеді.