Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлады
Целиноград ауданындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры мен басқа да тұлғалардың ақшалай қаражатты жымқырғаны әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тергеу барысында анықталғандай, Целиноград ауданындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры мен басқа да тұлғалары өз қалауы бойынша сондай-ақ орталықтың қызмет алушыларын хабардар етпей және келісімінсіз нотариалдық сенімхаттарды пайдалана отырып, олардың ақшалай қаражатына иелік еткен. Сонымен қатар тергеу бұл мекемеге 2019-2021 жылдар аралығында жалақы және басқа төлемдер түрінде ақша берілген және аударылған іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғалар ресми түрде жұмысқа орналасқандығын анықтады. Бюджет қаражатын ұрлаудан келтірілген залал көлемі 17 миллион теңгеден асты. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», – деді Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомство өкілдері атап өткендей, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қылмыстық іс шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді, оның ұсынымдары сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша пәрменді шаралар қабылдау туралы ұсынысқа енгізілді (ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен). Атап айтқанда, ұсыныста басшылардың өз қарамағындағы қызметкерлері қызметіне тиісті бақылауды, әлеуметтік сала қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мүлтіксіз сақтауын, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің және мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету қажеттілігі көрсетілген.
Сонымен қатар өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін талқылау бойынша кездесу өткізді. Кездесу барысында облыстық Антикор басшысы Арман Рахимов атап өткендей, тергеу әлеуметтік қорғау саласында кемшіліктер орын алғанын көрсетті. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдауға тиіс жосықсыз лауазымды тұлғалар, керісінше, одан пайда табады. Мұндай шенеуніктер, сондай-ақ олардың басшылары міндетті түрде қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.