Өрт сөндірушілер жеткенге дейін 6 адам, оның ішінде 1 бала далаға өз бетінше шығып үлгерген
Екібастұзда бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі бала құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 20 маусымда сағат 10.45-те №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктінің пультіне Сәтпаев көшесі, 22/3 мекенжайында балконның жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің 2-қабатындағы 3 бөлмелі пәтердің балконынан өрт шыққанын, өрттің артынша асүйге тарағанын анықтады. Өрт салдарынан пәтерге кіретін подъезді қалың түтін басып қалған. №2-МӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау кіші сержанты Ерболат Төлеутаев өрт ішінен 2014 жылы туған баланы алып шыққан. Ал бесінші қабаттағы пәтерден 2-МӨСБ аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Дидар Түсіпов 2013 жылғы баланы құтқарды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 6 адам, оның ішінде 1 бала өз бетінше эвакуацияланған. Өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ.