Ақмолада екі күн ішінде 3 бала суға батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Екі жағдайда да балалар шомылуға арналмаған жерде суға түскен

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысының су айдындарында екі күн ішінде үш бала суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасымның қатысуымен «Облыстың су айдындарында балалар өлімінің алдын алу» тақырыбында брифинг өтті.

"Брифинг барысында ағымдағы жылдың шомылу кезеңінде суда адамдардың қаза болуының екі фактісі тіркеліп, үш бала қаза тапқаны белгілі болды. Аршалы ауданы, Жібек Жолы ауылының Silk Way демалыс аймағында 2010 жылы туған қыз және Астрахан ауданының Первомайка ауылының маңында Есіл өзеніне алты және тоғыз жастағы екі кәмелетке толмаған бала батып кетті. Екі жағдайда да орындар шомылуға арналмаған", – делінген хабарламада. 

Айта кету керек, ағымдағы жылдың шомылу маусымы басталғанға дейін Ақмола облысы ТЖД жедел-құтқару бөлімінің қызметкерлері «Silk Way» демалыс аймағына іргелес жатқан су акваторияларын тексерген. Тексеру нәтижелері бойынша су қоймасының түбі шомылуға жарамсыз екені анықталып, жарамсыздығы туралы тиісті акт берілді.

«Жылы ауа-райына қарамастан, су шомылу үшін қауіпсіз температураға дейін қызған жоқ (17-18 градус), қазіргі уақытта судың температурасы 12-13 градус. Облыс аумағында 10 коммуналдық және 59 жеке жағажайлар жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 85 су қоймасы тексеріліп, оның қорытындысы бойынша 78 оң қорытынды берілді, сондай-ақ, 120 қоғамдық құтқарушы оқытылды», – деп атап өтті Қайрат Қасым.

Ақмола облысының ТЖД судағы қарапайым тәртіп ережелерін сақтау туралы кезекті рет еске салады.