$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жалған сертификатты қайдан алғанын білмейміз»: Түркістан әкімдігі қайтарымсыз грант алған 39 кәсіпкерді сотқа берді

Былтыр қайтарымсыз грантты 256 түркістандық алған, бірақ оның 55-і алған ақшасын қайтаруы тиіс

«Жалған сертификатты қайдан алғанын білмейміз»: Түркістан әкімдігі қайтарымсыз грант алған 39 кәсіпкерді сотқа берді

Кәсіп бастап, оны жүргізу үшін мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты былтыр 256 түркістандық алған. Бірақ оның 55-і алған ақшасын қайтаруы тиіс екен. Қазір сотқа біртіндеп шақырылып жатқан кейбір бизнес өкілдері қаражатты мақсатсыз жұмсамадық, Жұмыспен қамту орталығы бізге жала жауып отыр деп өз наразылықтарын білдірді. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз 583 мың 400 теңге алған кәсіпкер Ләззат Жұманова – 2021 жылдың 23 сәуірінде 7 адамнан тұратын комиссияның алдында өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап шыққандардың бірі. Шағын тігін цехын ашқан іскер келіншек, бизнесті бастауы үшін қосымша тағы қалтасынан 4 миллион теңге қаражат құйған. Кредит алып шығындалуына да тура келіпті. Енді бір жарым жылдан кейін сотқа шақырылғанына таң қалып отыр. Өзінің жалғыз емес екенін сотқа барғанда бір-ақ біліпті.

«Бір жылдан астам уақыт өтті, ешқандай ескерту келген жоқ. 46 адам бойынша ескертулер беріліп, тексерген екен. Мен бұл жерде 49-шы болып тұрмын. Сотқа өткен сәрсенбі күні шақырды, сонда бір-ақ білдім. Оған дейін жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс орныма келіп, суретке түсіріп, келесімшарттарымды алып кетті. Айтуларынша, грант ақшасын мақсатсыз пайдаланды деген кәсіпкерлер болды, сондықтан біртіндеп тексеріп жатырмыз деп түсіндірді», - дейді кәсіпкер Ләззат Жұманова.

Кәсіпкер бұл 583 мың теңгеге оверлок, тігін машинасын және үтік сатып алғанын айтты. Сатып алғанын дәлелдейтін шот-фактурасы да дайын екен. Сотқа шағымды Түркістан қалалық Халықты Жұмыспен қамту орталығы түсірген.

«Мен қарсы шағым түсіремін. Қажет болса, Бас прокуратураға арыз жазамын. Мен дәл осы грантты ұтып алғанымда атаулы әлеуметтік көмекті алатынмын. Оны дәлелдейтін нақты құжаттарым да бар. Ал маған сол кезде сіз атаулы әлеуметтік көмек алмағансыз, сіз сертификат алып барып, грантқа қатысқансыз деп отыр. Яғни жалған құжатты өздері қолдан қосып отыр. Негізі жәрдемақы алатындар ешқандай сертификатсыз өтеді деген және мен солай өттім. Біз комиссияның алдына бармай тұрып, алдымен жұмыспен қамту орталығына өтініш тастаймыз. Сосын бізге қай күні бизнес-жобамызды қорғайтынымызды айтады. Заңды меніңше, Жұмыспен қамту орталығының мамандары өздері бұзып отыр.

Комиссия құрамы 7 адамнан тұрады. Олар: депутаттар, аналар және ақсақалдар алқасы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері. Сонда мен «алаяқ» болсам, олардың барлығы қалай мені өткізіп жібереді?! Мен соған таң қаламын. Маған ғана көз жұмып өткізіп жіберсін делік, сонда қалған 49 адамға сол сәтте олар қалай көз жұма салады? 583 мың 400 теңгеге айтарлықтай ешнәрсе келмейді. Мен кәсібімді ары қарай жүргізу үшін кредит алдым. Жұмыс орнымды жалға алдым. Киімдерді тігу үшін барлық матаны да өз ақшама сатып алдым, өте көп қаражат жұмсадым. 4 миллион теңге ақшам кетті. Қазір енді сотқа жүгіремін бе, өз кәсібімді жалғастырамын ба білмеймін, басымды әбден қатырып жіберді. Тіпті 180 мың теңгені әлі сотқа төлейсің деп бопсалап та жатыр.

Жемқорлық деген бітпейді бізде. Бастысы менің сол «жалған» келісімшартқа қойған қолымды көрсетсе екен деп отырмын», - дейді кәсіпкер.

Түркістан қалалық Халықты Жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы, мемлекеттен қайтарымсыз грантты атаулы әлеуметтік көмекті алатын көпбалалы аналар немесе «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан «бизнес бастау» бойынша курс оқып, сертификат алған кәсіпкерлер ғана қатыса алатынын айтты. Сотқа шақырылған бас-аяғы 55 адамның ішіндегі 49-ы не жәремақы алмайды, не сертификаттары жоқ деп отыр.

«2021 жылы 256 тұрғынға мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 55-нің заңсыз екені анықталды. Оның 16-сы өз еркімен қаржыны қайтарды. Қазіргі таңда 39 адамды біз сотқа бердік. Оның 31-не соттың ұйғарымы шығарылды, олар түгел ақшаны қайтаратын болды. 8 істі әлі сот қарау үстінде. Бұл кісілердің барлығына алдын ала хабарламаны екі рет жібергенбіз. Жалпы бұл қайтарымсыз грантқа атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе «Атамекеннен» «Бизнес бастау» бойынша сертификат алғандар ғана қатыса алады. Яғни 55 адамның ішіндегі 49-ы не жәремақы алмайды, не сертификаттары жоқ. Араларында мемлекеттік грантты екі рет алғандар да бар. Ал мұндай қайтарымсыз ақша тек бір рет беріледі», - деді Ақмарал Жолаева.

Өз кезегінде Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры кәсіпкерлердің жалған сертификатты қайдан алғанын білмейміз деп отыр.

«Жалған сертификатты кәсіпкерлердің қайдан алғанын білмейміз. Сертификатты негізі «Атамекеннен» алады. Ал олар біз мұндай құжат бермедік деп отыр. Бизнес-жобаны қарастырған комиссия сертификаттың шын не жалған екенін тексере де алмайды. Олар тек жобаны қолдайды немесе қолдамайды. Оң шешім берсе, жұмыспен қамту орталығы келісімшартқа отырып, кәсіпкерге қаражатты аударады. Зерделеу барысында осындай олқылықтар анықталып отыр.

Былтыр ғана басшы болып келдім. 2020 жылдан бастап мониторнигті жұмыспен қамту орталығы жүргізіп келеді. Оған дейін «Атамекен» кәсіпкерлік паласы жүргізетін. Ал не сертификаты жоқ, не атаулы әлеуметтік көмекті алмайтын адамдарды комиссия алдында қорғауға жолдама берген орталықтың 10 шақты маманы жұмыстан шығып кеткен. Сондай-ақ менің алдымда директор болған Ерғали Балабеков те қызметінен босатылған. Оларға қатысты ешқандай іс қозғалмаған. Жалған сертификат екенін кейін анықтадық», - деді Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы.

Орталық басшысының сөзінше, сотқа шақырылған кәсіпкерлерің 70 пайызына сот қаражатты осы жылдың желтоқсан айына дейін қайтаруды талап еткен. Ақша уақытында мемлекетке қайтарылмаса, сот орындаушылары қаражатты өндіру бойынша кірісетінін айтты. Жұмыспен қамту орталығына өтініш жазып, жолдама алдық деген кейбір кәсіпкерлер, құжаттардың арасына біздің атымыздан жалған сертификат жасап салғандар табылсын әрі жауап берсін деп талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары