Кербұлақ ауданы Шанханай ауылында жергілікті өзендердің бірінде су деңгейі көтерілген
Жетісу облысында жаңадан салынып жатқан облыстық маңызы бар екі көпірді су шайып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлеуметтік желілерде тараған видеодан толассыз жауған жаңбыр салдарынан енді салынып жатқан екі құбырлы көпірдің топырағын жартылай су шайып кеткенін көруге болады. Белгілі болғандай, Кербұлақ ауданы Шанханай ауылында жергілікті өзендердің бірінде су деңгейі көтерілген.
Аталған жайтқа қатысты түсінік берген жергілікті әкімдік оқиғадан ешкімнің зардап шекпегенін айтты.
«Қатты жаңбыр салдарынан Шанханай ауылында 4 ауланы ішінара су басты. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар қызметінің 7 қызметкері, 1 техника мен 1 мотопомпа жұмылдырылды. Сондай-ақ көпірлерді қапына келтіру жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың 20 адамы қатысты», - деп хабарлады Кербұлақ ауданының әкімдігі.