Тағы бір адам ауруханада жатыр
Екібастұзда жеңіл көлік жаяу жүргіншілерді қағып, біреуі қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, 14 маусым күні сағат 22:55-те Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі үйге қарама-қарсы жерде 30 жастағы Volkswagen Passat жүргізушісі негізгі жолға шығып бара жатып жол бермей, Toyota Crown көлігімен соқтығысқан.
Соққыдан Toyota тротуарға шығып кетіп, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 54 жастағы әйел жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. 34 жастағы жаяу жүргінші дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Тергеу жүргізіліп жатыр", - деді департаментте.
Көліктер мамандандырылған айып тұрағына орналастырылды.