Қостанайда сауна клиенті әкімші әйелді есінен танғанша ұрып-соққан

Автор: Azattyq Rýhy

Мекеме қызметкері өзіне шабуыл жасаған адамдарды жазаға тартқызуға бекініп отыр

Видеодан кадр

Қостанайдағы сауналардың бірінде клиенттердің бірі мекеме әкішісін есінен танып қалғанша соққыға жығып, мұрнын сындырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Костанайские новости» порталының жазуынша, оқиға 5 маусымда болған. Жәбірленушінің өзі айтқандай, клиенттер уақытының аяқталғанына қарамастан, саунадан кеткісі келмеген. Алдымен жәбірленушінің әріптесі келушілердің тобына барып, ескерту жасаған. Содан кейін клиенттерге әкімші әйелдің өзі барған.

«Ол адам маған дөрекі сөйлей бастады, мен екінші әкімші қызды шақырып, жанжалды ушықтырмадық. Артынша олармен бірге жүрген қыздардың бірі ашуға басып, жанжалды қайта тұтатты. Олар маеан бас салды, ондайды күтпеген мен өзімді қорғай бастадым. Алдымен біріншісін итеріп жібердім, артынша екіншісінің жұдырығынан босауға ұмтылдым. Сол кезде алпамсадай еркек жүгіріп келіп, мені жұдырықпен салып қалды. Мен оны бұрын көрген емеспін. Қазір мұрным сынып, бет-аузым ісіп кетті», – дейді әйел.

Жәбірленуші екінші соққыдан кейін есінен танып қалғанын айтады. Ол полицияға арыз жазып, денсаулығына келген зиянды дәлелдейтін анықтамалар мен құжаттарды өзі жинаған. Тіпті, өзіне жасалған шабуылдың видеосын бақылау камераларынан жинап, интернетке жариялаған. Енді істің соңына дейін барып, өзіне шабуыл жасаған адамдарды жазаға тартқызуға бекініп отыр. Ол қазір ауыруға болмайтынын, өйткені кішкентай қызын бағып отырғанын айтады. ал күйеуі жұмыс іздеп жүр екен.