Қостанай облысында жас жігіт құдыққа құлап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Сүйегі сынған азамат шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды

фото: Қостанай облысы ТЖД

Қостанай облысының Қамысты ауданында жас жігіт абайсызда құдыққа құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оқиға 9 маусым күні таңертең Арқа ауылында орын алған. Сағат 7:55-те Қамысты ауданының ТЖБ-не ауылдың учаскелік полиция инспекторынан Торговая көшесіндегі құдыққа адам құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

«Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына Қамысты ауылының №18 өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы шықты. Осы уақыт ішінде зардап шеккендердің жанында учаскелік полиция инспекторы және жергілікті фельдшер болды. Келгеннен кейін құдықта су жоқ екені және оның тереңдігі 15 метрге жететіні белгілі болды. Құдықтың түбінде жас жігіт жатты. Қамысты құтқарушылары арқанмен құдықтан ер адамды шығарып, аудандық жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды», делінген өңірлік ТЖД хабарламасында.

Қамысты аудандық ауруханасы дәрігерлерінің алдын ала диагнозы бойынша 2001 жылы туған жігіттің омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған. Ол шұғыл түрде Қостанай облыстық ауруханасына жіберілді.