Ақтөбеде мас күйде көлік жүргізген депутат қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Болған жайттан кейін Ербол Қасымғали депутаттық мандатын өткізіп берген

Көрнекі фото: pexels.com

«Мерседес» көлігін мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған депутат Ербол Қасымғали көлік жүргізу құқығынан ғана емес, Ақтөбе мәслихатындағы орнынан да айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

"Диапазон" порталының жазуынша, 20 мамырда полицейлер халық қалаулысы мінген көлікті тоқтатқан. Медициналық тексеруден өту барысында жүргізушінің мас болғаны анықталды.

Іс сотқа жіберілді. Депутат өз кінәсін мойындамады. Сараптама нәтижесімен келіспейтінін айтып, оған қайтадан процедурадан өту құқығы түсіндірілмегенін айтты.

"Сотта жүргізушінің әкімшілік құқықбұзушылық кінәсі дәлелденіп, Ербол Қасымғалиды 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды", - делінген хабарламада.

Болған жайттан кейін Ербол Қасымғали депутаттық мандатын өткізіп берген.