Бойжеткен түрлі шағын несие ұйымдарынан ақша алып, төлемей кеткен
Ордабасы аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын өзінің атынан белгісіз біреудің алаяқтық жолмен білдіртпей бірнеше мәрте несие рәсімдегенін айтып, арызданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқ ол несиелерді еліміздегі түрлі шағын несие ұйымдарынан, нақтырақ айтсақ, 4 бірдей ЖШС-інен алып, төлемей кеткен. Соның салдарынан жәбірленушіге 500 000 теңгеге жуық шығын келтірген.
Аталған жайт Ордабасы аудандық полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Келіп түскен ақпарат бойынша полицейлер шұғыл әрекетке кіріседі. Жәбірленушінің жауабына сәйкес, оның банкоматын, нөмірін сұраған таныстары тексеріліп, күдіктіні анықтау мақсатында қажетті шаралар жүргізіледі. Нәтижесінде, алаяқтық жасаған күдіктінің жеке тұлғасы анықталды.
«Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты, алайда оның жұмыс бабымен Алматы қаласында жүргені анықталды. Алаяқтық жолмен жеңіл олжаға кенелгісі келген күдіктіні ұстау мақсатында аудандық полицейлер Алматы қаласына жол тартқан. Тәртіп сақшылары қолда бар ақпарат көздерімен қызды Алматы қаласында тұратын жалдамалы пәтерінен ұстаған», – делінген ведомство хабарламасынан.
Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушінің туысы екені анықталды. Туысына сенген жәбірленуші әйел оған өзінің құпия сандарын, банкомат, жеке куәлік нөмірлерін қолдануға рұқсатын берген көрінеді. Осы істі тергеу аясында күдіктінің тағы бір алыс туысының атынан 50 000 теңге несие алып, төлемей қойғаны, қазір ол несие мөлшері 300 000 теңгеге өсіп кеткені анықталды. Оған қоса, алаяқтық жасаған жас қыздың бұған дейін де алаяқтық және ұрлық қылмыстарымен шартты түрде сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толық мойындады. Ол қолхат арқылы бостандыққа шығарылды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға интернет-алаяқтарға алданып қалмаңыздар деп ескертеді. Әсірес,е тек өзіңізге қатысты құпия нөмірлерді ешкімге бермеуге кеңес етеді.