Түркістан облысында адасып кеткен үш жүргізуші табылды
Олар жолды қысқартпақ болып, Созақ арқылы жүрген
Түркістан облысының полицейлері боранды күні адасып кеткен үш жүргізушіні табуға көмектесті деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жүргізушілер үш жүк көлігімен Қарағандыдан Түркістан облысына қарай шығып кеткен. Жолды қысқарту үшін олар Шымкентке Созақ арқылы бармақ болыпты. Алайда, бораннан жол көрінбей, үш жүргізуші адасып қалған. Ал, көліктері қарға батып қалыпты.
Полицейлерден көмекті адасып кеткен жүргізушінің ағасы сұраған. Ол бауырының байланысқа шықпай жатқанына алаңдапты. Тәртіп сақшылары дереу құтқарушыларға хабар беріп, бірлескен топ бірнеше күн өткеннен кейін ғана Созақ ауданы Бетпақдала ауылына жақын жерден адасқандарды тапты. Олардың ұялы телефондарының қуаты таусылып, ас-ауқаты да бітуге жақындапты.
«Полицейлер өздерімен бірге 400 литр дизель отынын және азық-түлік алып келіп, адасып кеткен жүргізушілерге көмектесті», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.