Ақтауда қандала улаймын деп көршісінің баласын ажал құштырған әйел сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бір жыл бұрын болған оқиғадан 6 жастағы бала көз жұмған еді

Ақтауда қандала улаймын деп жүріп көршісінің баласын өлтіріп алған келіншек екі жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Айыпталушы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды. Осыдан бір жыл бұрын уытты заттан уланған үш сәби облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, соңында 6 жастағы бала жансақтау бөлімінде көз жұмған еді. Қалғанын дәрігерлер тексерген соң үйіне қайтарған болатын.

Қайғылы оқиғаға төменгі қабатта тұратын көрші әйелдің өз пәтерінде жәндіктерге қарсы дәрі себуі себеп болған. Ол базардан сатып алған «Квикфос» препаратын бөлмелерге шашып, сыртқа шығып кеткен. Үйде қолдануға тыйым салынған таблеткалар туралы ешкімге ескертпепті. Оның бұл әрекеті абайсызда кісі өліміне әкеп соқтырған. Сот үкімі бүгінде заңды күшіне енді.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 2-бөлігі, яғни санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтамағандықтан абайсызда адам өліміне соқтыру ісі бойынша кінәлі деп танылды. Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасымен Ақтау қалалық сотының үкімі өзгеріссіз және сотталушының өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды», – деді қалалық соттың судьясы Аида Бұлақбаева.