Ақтөбе маңындағы саяжайлардың бірінен есірткі зертханасы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Зертхана соңғы техникалық құралдармен жабдықталған

Фото: polisia.kz

Ақтөбелік тұрғын саяжайда есірткі зертханасын ашқан, деп хабарлайды Polisia.kz.

20 мамыр күні ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жылдам қимылдайтын жасақ қызметкерлерімен бірлесіп, жедел ақпаратты тексеру кезінде саяжай алаптарының бірінде бірқатар қарасора өсімдіктерін өсіру және одан әрі өңдеу бойынша жабдықталған есірткі зертханасын тапты.

«48 жастағы саяжай иесі қарасораны жеке пайдалану мақсатында өсіргенін айтқан. Зертхана соңғы техникалық құралдармен жабдықталған. Күдіктінің айтуы бойынша тұқым мен техниканы интернет дүкендерден алған», - делінген хабарламада.

Қазір ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Тәркіленген зат салмағы 400 грамнан асады. Сараптама тағайындалды.

Күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.