Қатардағы Абылайхан Убайдуллаев жүрек талмасы ұстаған әйелге бірден көмекке ұмтылған
ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі Атырау – Алматы бағытындағы пойызда Өзбекстан азаматшасының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәл сол күні әскери қызметшілер тобы Атыраудан Зайсанға жаңа қызмет атқару орнына бара жатқан. Түн ортасында жолсерік әскери команданың басшысы майор Е. Еркінбаевқа көрші вагондағы жолаушының жағдайы нашар болып тұрғанын және оған шұғыл медициналық көмек керек екенін айтып жүгінген.
Мерзімді әскери қызметкер, қатардағы Абылайхан Убайдуллаев бірден көмекке ұмтылады. Ол әскер қатарына шақырылғанға дейін фельдшер мамандығы бойынша жедел медициналық жәрдем көрсету станциясында жұмыс істеген екен.
«Әйел ес-түссіз жатты. Сапарластарының айтуынша, ол жүрек ауруына шағымданып, қысымды төмендететін таблеткаларды қабылдаған. Әр минуттың қымбат екенін түсінген Абылайхан жағдайды тез бағалап, алғашқы көмек көрсетуге кірісіп кеткен», - делінген ҰҚК Шекара қызметінің хабарламасында.
Жақын станцияға жетісімен науқас одан әрі ауруханаға жатқызу үшін жедел жәрдемнің дәрігеріне тапсырылды.
«Білікті алғашқы көмектің арқасында қазір науқастың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, денсаулығы қанағаттанарлық. Біздің «погон таққан әріптесімізге» әскери қызметін сәтті жалғастыруын тілейміз», - деп пікір білдірді Махат ауылының Орталық аудандық ауруханасының невропатологы Жалғасбай Рүстем.
«Пойызда талмаға шалдықтым. Сарбаздың дәл осы сәтте жанымнан табылғанына өте қуаныштымын. Сол сәтте ақ алғысымды білдіргім келген еді, тек үлгермедім. Көрсеткен көмегі үшін үлкен рахмет айтамын және әскери қызметіне сәттілік тілеймін!», - деп Өзбекстан азаматы Бибігүл Тілеуованың өзі ризашылығын білдірді.
Шекара қызметі департаменті сарбаздың анасы Гүлбаршын Басановаға нағыз азаматқа лайықты қасиеттерді бойына жиған батыл ұлды тәрбиелегені үшін алғыс хат табыс етті.
Адамды құтқару кезіндегі батыл әрекеттері үшін қатардағы жауынгер А.Убайдуллаев грамотамен және бағалы сыйлықпен (қол сағаты) марапатталды. Алдағы уақытта Абылайхан өз әскери қызметін қазақ-қытай шекарасында жалғастырады.