Өскеменде жағажайлар шомылу маусымына дайын емес

Автор: Azattyq Rýhy

Өткен жылы аймақта 35 адам суға кетіп, опат болған

Фото: ашық дереккөзден

Шығыстағы жағажайлар суға түсу маусымына дайын емес. Өңірде әзірге шомылуға болатын 16 орын анықталған. Қазір төтенше жағдайлар мамандары осы жерлерді тексеріп, су түбін қоқыстармен артық заттардан арылтып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

Мәселен, Өскемендегі этно саябақ аумағындағы өзеннің түбін тексеру кезінде көлік дөңгелегіне дейін табылды. Аймақтағы кейбір жағажайларға жұмсақ құм жеткізілмеген. Бұл олқылықтар 1 маусымға дейін жойылуы тиіс. Жалпы өңірде 2 мыңға жуық су айдыны бар. Соның 116-сына облыстық мәслихаттың шешімімен шомылуға тыйым салынған. Өйткені, бұл жерлерде қайғылы жағдайлар жиі тіркеледі. Мәселен өткен жылы аймақта 35 адам суға кетіп, опат болған. Оның 10-ы – кәмелетке толмаған балалар.

«Шомылу маусымының қарсаңында барлық жағажайларда судың түбі мен жағажайлардың дайындығы тексеру жұмыстары жүргізіледі. Іс-шараны атқарудың мақсаты адамдардың, балалардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып отырған іс-шаралар”, - деді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Орынбеков.