Олардың басым бөлігінің себебі – баянсыз махаббат екен
Өткен жылы Қызылорда өңірінде 12 адам өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Олардың басым бөлігінің себебі – баянсыз махаббат екен. Бұның алдын алу үшін отбасында жабық тақырыптарға ашық әңгіме қозғалуы тиіс. Әйтпесе жан толғанысын ешкімге тіс жарып айта алмаған жас өскіндер дүниеден баз кешіп, өз-өзіне қол салуы мүмкін.
Жалпы жасөспірімдердің көбі ата-анасымен ағынан жарылып сөйлеспейді. Одан бөлек мектеп пен орта және жоғарғы оқу орындарында кемсіту деректері көбейген. Мұны Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығының психологтары айтып отыр. Мамандардың мәліметінше, кейбір қыз балалардың жыныстық тәрбие мен гигиенадан хабары аз көрінеді. Сондықтан аймақта некесіз ерте жүктілік деректері көп. «Дені-сау ұрпақ-жарқын болашақ» бағдарламасы аясында жастарға әлеуметтік-психологиялық көмектер тегін әрі құпия түрде көрсетіледі.
«Жастардың арасында өз-өзіне қол салушылық, өмір сонымен бітіп қалды деп жастардың арасында сондайға көп итермелейтіні – баянсыз махаббат. Біздерде жеке қабылдау және алдын-алу бойынша балаларды ортаға бейімдеу бағытында ұстазбен қалай қарым-қатынаста болу керек екенін семинар-тренинг арқылы балаға сезіндіре аламыз», - деді психолог Жансая Бижанова.
«Репродуктивті денсаулық жағынан шағымдары жиі кездеседі. Яғни етеккір циклының бұзылуы, жас жеткіншектердің кейбіреуі ерте жыныстық қатынасты бастаған кезде жүктіліктен қалай сақтану керектігі жөнінде кеңесті көп сұрайды қазір. Бұл дабыл қағатын жағдай болып тұр. Ауданаралық семинарларды біз осы жастар орталығы мамандарымен тығыз жұмыс істеп отырмыз», - деді гинеколог Майра Жүсіпова.