Жүргізушіні құтқаруға көмектескен қала тұрғыны марапатталды
Қостанай қаласының полиция қызметкерлері мен тұрғындары өртеніп жатқан көліктен 29 жастағы жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 19 мамыр күні түнгі сағат 2.00 шамасында полиция бөліміне қоңырау шалған ер адам Юбилейный ауданында автокөлік өртеніп жатқаны туралы хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері Айдар Жұманиязов пен Ұлан Шөкеев ВАЗ-2114 көлігінің жанып жатқанын көреді. Сол маңда тұрған жас жігіт көлік кабинасында ер адамның бар екенін айтқан.
«Өртеніп жатқан көлікке жүгіріп барып, жүргізуші жағындағы есікті аштық. Жүргізуші ес-түссіз жатыр екен. Оны салоннан шығарылып, қауіпсіз қашықтыққа, аялдамаға жеткіздік», - деді А. Жұманиязов.
Қайтып оралған полицейлер түтін басқан көліктің ішін түгел қарап шығып, жолаушылардың жоқ екенін көз жеткізген. Оқиға орнынан тұрғындар мен көліктер эвакуацияланды. Көліктің қозғалтқышы жанып кеткені анықталды. Өрттен зардап шеккендер анықталған жоқ.
Полиция қызметкерлері белсенді азаматтық ұстанымы үшін қостанайлық тұрғын Бауыржан Тәжібаевты марапаттады.
Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев Бауыржан Тәжбаевқа ҚР Ішкі істер министрлігінің логотипі бейнеленген сағатты сыйға тартып, оның азаматтық ұстанымына баға берді.