Әскерде көз жұмған сарбаздың ата-анасы сараптама қорытындысын ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Шымкенттік Бобир Сариев 6 ай бұрын Нұр-Сұлтандағы әскери госпитальда қайтыс болды

 

Нұр-Сұлтан қаласында 6 ай бұрын әскери борышын өтеп жүрген сарбаз көз жұмған. Оның неден қайтыс болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Марқұмның ата-анасы сараптама қорытындысын ала алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Шымкенттік Бобир Сариев әскери госпитальда көз жұмған. Баласынан аяқастынан айрылып қалған ата-ана әлі ес жия алар емес. Тіпті оның неден қайтыс болғаны туралы анықтаманы да осы күнге дейін алмаған көрінеді.

«Қазақстанның барлық облысынан келеді. Солардың экспертизасын көруіміз керек деді. Мейлі дедім. Ол да шықты. Әділет министрлігі мен Денсаулық министрілігінен шығады деді. Ол да шықты. Енді тәуелсіз эксперт керек дейді. Менің түсінбегенім, ол сараптамалардың ешқайсында баланың қалай қайтыс болғаны туралы ештеңе айтылған емес», - дейді марқұмның әкесі Халмат Сариев.

Әкесінің айтуынша, мәйітхана ғана бір парақ қағаз ұстатқан. Онда мойын-жақ қабынуы белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны, содан кейін қайтыс болғаны жазылған. Бірақ ол қағаздың заңды күші жоқ екен.

«Кеуде жасушасының іріңдеуі деп мәйітханадан шығарғанда берді. Ол құдат ештеңеге жарамайды. Болды, маған басқа қағаз берген емес», - дейді Халмат Сариев.  

Соңғы кезде әскерде жұмбақ өлімнің жиілет кеткені қоғамды да алаңдатып отыр. Заң өкілі Жандос Тұяқов экспертиза нәтижесін 6 ай күту – өте ұзақ дейді. Оның айтуынша, ары кеткенде 40 күннен соң  берілуі керек дейді.  

«Яғни, сараптама дайын болмаса көрсету керек. Сарапшының жүктемесі болып жатқан күннің өзінде 2 айдан аспайды. Ауызша күйде қалмас үшін жәбірленушілердің адвокаты тергеушінің атынан тікелей сұраныс беруі керек, егер сұранысқа жауап бермесе, онда қадағалаушы органға шағымдануға болады», - деді заңгер Жандос Тұяқов.

Сарбаз өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеушінің айтуынша, анықтаманың кешігуінің себебі бар. Үлкен көлемде сараптама тағайындалған. Оның қашан дайын болатынын өзі де айта алмайтынын жеткізді. Ал қайғыдан қан жұтқан ата-ана істің дұрыс қаралап, әділ шешім шығуын күтіп отыр.