Қақпақ пен қоршау жасайды: қазақстандықтар 60 млн теңгенің жол белгісі мен жабдығын ұрлап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірлердегі халық жол бойындағы жұлып немесе бұрап алуға болатын заттың бәрін үптеп отырады

 

Фото: kolesa.kz

Былтыр Қазақстан аумағында үлкенді-кішілі жолдардан 1056 бойлық метр темір қоршау (отбойник), 2000 метр торлы қоршау, 1270 қардан қорғайтын қалқанша, 34 жол белгісі мен нұсқағыш белгі және 36 жол белгі бағаны ұрланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Колеса» басылымына сілтеме жасап.

«ҚазАвтоЖол» ЖШС қызметкерлері кейде күлкілі, кейде қайғылы жағдай болатынын айтады. Мысалы, бірде олар фермердің асханасынан қолды болған жол белгісін тауып алған. Оны қазанның қақпағы ретінде пайдаланып жүрген екен.

Жол жөндеушілердің айтуынша, ауыл тұрғындары қауіпті жерге орнатылған күн батареясымен жұмыс істейтін жарық шағылыстыратын құрал мен жыпылықтайтын шырақтарды да алып кетеді. Сондай-ақ ұрылар кейде жол жөндеушілердің қызғылт жилетін киіп, көптің көзінше жолдарды «тонайды».

«Темір қоршауды металл қабылдайтындарға сатады, торды қора-жайын қоршауға, ал жол белгі бағанын төбеге тіреу ретінде пайдаланады. Тіпті жолдың километр саны жазылған тақтайшамен үй нөмірін көрсетеді», - дейді жол жөндеушілер.

Мұндай әрекеттің алдын алу қиын. Әр белгіге күзет қоя алмайтының анық дейді «ҚазАвтоЖол». Жалғыз үміт – ұрылар жайлы хабарлайтын белсенді азаматтарда ғана.

«ҚазАвтоЖол» ЖШС 2022 жылы жолдағы 473 500 шаршы метр болатын шұңқырларды жөндеуді жоспарлап отыр. Екі айда 9781 жол белгісі, 397 ақпараттық панно және 2222 километрді көрсететін белгі орнатылады. Биыл жазда жолдарға 27 064 метр қоршау, 23 118 дана сигнал бағанасы, 26 766 катафот және 290 буфер қойылады. Сондай-ақ қызметкерлер 2733 шаршы метр шуыл жолағын сызып, 30 426 км жол бөлігінде таңбалау сызықтарын жаңартылады.