Балықты заңсыз аулағандар жауапқа тартылды
Ақсуда 20 қап мөңке балығын аулаған екі тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Құқық бұзушы ҚР ҚК-нің 335-бабының 1-бөлігі 1-тармағы бойынша жауапқа тартылды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, сағат 06.30-да Ақсу қаласының полиция қызметкерлері 60 жастағы ер адам басқарған «Фольцваген-Пассат» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Салонда шамамен 45 жастағы екі ер адам болған.
"Автокөлікті тексеру кезінде тіркемеден балық аулау құралдары - торлары, үрлемелі резеңке қайық, 20 қап мөлшерінде ауланған мөңке балығы табылды", - деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 15 сәуір - 30 мамыр аралығында облыстың дала және тұщы су айдындарында, Ертіс өзенінде және оның жайылма су айдындарында балық аулаудың барлық түрлеріне тыйым салынған.