Эдуард Огай компания қайғылы жағдайдың себептерін анықтауға бар күш-жігерін салады деп атап өтті
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС төрағасы Жезқазған қаласында болған оқиғаға байланысты үндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
Мәлімдеме компания сайтында 24 қаңтарда жарияланды.
«Бүгін біз «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Тоғызбай Тәжбеновпен қоштастық. Тоғызбай Абсаматұлының қайтыс болғаны туралы хабарды қатты қайғыра отырып қабылдадық. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бірінші басшысы ретінде компания бұл қайғылы жағдайдың себептерін анықтауға бар күш-жігерін салады деп толықтай айта аламын. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда, оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Осы қайғылы оқиғаға қатысты қазіргі уақытта түрлі пікірлер айтылып жатыр. Мен Тоғызбай Тәжбеновті бұл лауазымға адал, парасатты және жоғары кәсіби қасиеттері үшін ұсынғанымды атап өткім келеді. Сол себепті де асығыс қорытынды жасаудан бас тартып, тергеу нәтижелерін күту керек деп есептеймін. Мен Тоғызбай Абсаматұлының туыстары мен жақындарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», - делінген үндеуде.
Қайтыс болған Тоғызбай Тажбеков «Кәсіп қорған» кәсіподақ ұйымының басшысы болған.
Бас директор мен кәсіподақ басшысының арасында жанжал туындап, кабинеттен шығып кеткен Тоғызбай Тажбенов қару алып қайтып келген. Хатшы мен басқа қызметкерлер ауаға атылған тапанша дауысын естіген. Одан кейін кәсіподақ төрағасы бас директор мен бөлім басшысын пышақпен жарақаттап, өзін-өзі өлтірген.
Бірақ қазіргі уақытта оны өлтіру фактісі де тексеріліп жатыр.
Оқи отырыңыз: «Қазақмыстағы шабуыл»: жараланған бас директор ес-түссіз жатыр